Оралда Конституция күні кеңінен тойланды

ОРАЛ. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Тамыздың 30-ында Орал қаласында еліміздегі басты мемлекеттік мерекелердің бірі - Конституция күні кеңінен тойланды,

Оралда Конституция күні кеңінен тойланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен қаладағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс фирмалары, облыстық департамент, басқармалар, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, мектептер және басқа мекеме-ұжымдар сап түзеп, Достық даңғылымен Абай ескерткіші тұрған орталық алаңға дейін салтанатпен жүріп өтті. Сөйтіп батысқазақстандықтар да көтеріңкі көңіл-күймен Ата заңға адал екендіктерін білдірді.

Содан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған жұртшылық көгілдір экраннан Астанада тұңғыш рет өткізілген әскери шеруді тамашалады.

-Осындай салтанатты сәтті көріп тұрып, көңіліңді мақтаныш сезімі кернейді, - деді ҚазАқпарат тілшісіне Батыс Қазақстан медицина колледжінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты, таяуда ғана көп жылғы еңбегі үшін Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған Мақсот Берген - Бүгін күн де ашық, көңіл де сондай асқақ. Қазақстанның осындай дәрежеге жетуі - әрине, ең алдымен Елбасымыз жүргізіп отырған көреген саясаттың арқасы. Бұған елдің әр азаматы, соның ішінде оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері де үлес қоса беретін болады. Мысалы, бізде 800-ге жуық студент білім алса, 150-дей адам жұмыс жасайды. Біздің мақсатымыз - бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығару.

Бүгін Абай алаңында облыс өнерпаздары мерекелік концерт қойса, мейрам түсқайта қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасады. Кешкісін Абай алаңындағы мерекелік бағдарлама отшашуға ұласады.