Оралда коронавирустан емделіп жатқандар дәрігерлерге бағынбай, өз бетімен үйге кетіп қалмақ болған

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 мамыр күні шамамен сағат 14.15-те болды.
Отыздай адам емдеу мекемесінің ауласына шығып, өз беттерімен кетіп қалғысы келген. Бәріне COVID-19 диагнозы қойылғанына қарамастан, өздерінде ауру белгілері байқалмайтынын мәлімдеген. Медицина қызметкерлерінің талабына бағынбағаннан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті.
Түсінік жұмыстары жүргізілгеннен соң сағат 14.45-те барлық емделушілер палаталарына тарады. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі жағдайдың қалыпқа келгенін, көп ұзамай облыстық денсаулық сақтау басқармасы да мәлімет беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 6 адамның бәрі де медицина қызметкері екендігін жазған болатынбыз.