Оралда қоршаған ортаны қорғау мәселесі ортаға салынды
ОРАЛ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасымыздың «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдің табиғат байлықтарын қорғау қажеттігі айтылғаны мәлім.
Осыған орай «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Облыстағы қоршаған ортаның жағдайы және оның экологиялық мәселесі» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Жиынды жүргізген «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті, профессор, техника ғылымдарының кандидаты Ақсерік Әйтімов қоршаған ортаның жай-күйіне шолу жасап, оны жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Назгүл Жабасова мекеменің атқарған жұмысы жөнінде баяндап, бірқатар түйінді мәселелерге тоқталды. Оның мәлімдеуінше, соңғы кездегі қуаңшылық кесірінен қураған ағаштардың қатары күрт көбейіп, өрт оқиғасының жиілеуіне себепші болуда. Өрт қаупін туғызатын осындай алаңқайларды ретке келтіру үшін қаражат қажет. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын арнайы полигондарда қоқыстарды орналастыру технологиясының сақталмауы да қоршаған ортаның ластануына әсер етуде. Сондай-ақ облыста мұнай қалдықтарымен ластану жағдаяты да орын алуда. Мысалы, Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылындағы осындай ластанған аумақты залалсыздандыру жұмысы қаржының жоқтығынан қолға алынбай отыр. Назгүл Есмұханқызы сөзінің соңында иесіз қалдықтармен ластанған жерлер анықталған жағдайда заң орындарына хабарлау және оны есепке алу керектігін аудан өкілдерінің қаперіне салды.
Жиында ғалым экологтар жыл сайын көтеріп жүрген Жайық өзенінің мәселесі де айтылды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Мария Фартушина қоршаған ортаны қорғау үшін, ең алдымен, бүліне бастаған аумақты анықтау қажеттігін айтты. Ол үшін облыс аумағын түгел қамтитын карта жасау керек. Бұдан 5 жыл бұрын Қарашығанақ аумағында сондай зиянды жердің болғанын жеткізген ғалым кеніш аумағын басты назарда ұстау керектігін қаперге салды. Әріптесінің сөзін толықтырған Талшын Дәрібаева қураған зиянды ағаштарды кесіп тастап, орнына жаңа теректер отырғызу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, орман ағаштарының қурауына қуаңшылықпен қоса, сол аумақтағы «Сатбор» кеніші де әсер етуі мүмкін. Мұны мамандар бірігіп, толық зерттеуі керек.
Жиын барысында сөйлеген Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Рахымжанов қаржының жоқтығынан әзірге кәріз жүйесін жасауға мүмкіндік болмай тұрғанын жеткізсе, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин аймақтағы өзен-көлдерде балық аулау үшін тұрғындардың Қытайда жасалған құралдарды пайдаланатынын айтып, зиянды ауды қолдануға қарсылық білдірді. Сондай-ақ Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Жайымов суды тазалауға қаржы жетіспейтіндігін айтты.
Жиынды қорытындылаған аталмыш басқарма бастығы Аманкелді Дәулетжанов қоршаған ортаны қорғау ісі бойынша жауапкершілік аудан әкімдерінің орынбасарларына жүктелуі тиіс деген пікірін жеткізді. Ол сондай-ақ осы мақсатта алдағы көктемде облыс көлемінде үлкен сенбілік ұйымдастырып, жаңа көшеттер отырғызу қажеттігін айтты. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін басқарма бастығы тарапынан жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері арасында кезекшілік ұйымдастыру керек деген ұсыныс жасалды.