Оралда қос бірдей көшедегі күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Н.Некрасов пен М.Лермонтов көшесі бойындағы күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жетті.

Оралда қос бірдей көшедегі күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жетті

Орал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ерденбек Жылқайдарұлының хабарлағанындай, аталған орамдар бойымен Құрманғазы көшесінен Ж.Досмұхамедов көшесіне дейінгі 1576 метр жол учаскесін жөндеуге 186,5 млн. астам теңге бөлінген болатын. Өткен жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер «НурЖолСтрой» ЖШС атқарып шықты.

«Осыған байланысты 14 қарашадан бастап Құрманғазы көшесі бойымен біржақты жол қозғалысы М.Ықсанов көшесінен Н.Некрасовқа дейін ұзарады, яғни бұрынғы қалпына келтіріледі. Ал теміржол бекетіне барар бағытта біржақты қозғалыс Некрасов - Лермонтов - Савичев - Мұхит көшелерімен Сарайшық көшесіне дейінгі аралықта болмақ. Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсетілгеніндей, елімізде жолдарды күрделі жөндеуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Орал қаласында алдағы жылы да жалғасатын болады», деді Е.Жылқайдарұлы.

Айта кетейік, Орал қаласы көшелеріндегі жолдарды жөндеуге 2014 жылы 4,9 млрд. теңге жұмсалса, биыл 3,6 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылды.