Оралда ҚР Сәулетшілер одағының XVI съезі болды

ОРАЛ. 25 маусым. ҚазАқпарат - 25 маусым күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының XVI съезі болып өтті.
None
None

1936 жылы құрылған сәулетшілердің кәсіби ұйымы мүшелерінің төрт көзі түгел бас қосқан салиқалы жиыны өңір тарихында тұңғыш рет өткізілді.

Съезге еліміздің түкпір-түкпірінен есімдері танымал сәулетшілер келді. Олардың арасында Астана және Алматы қалаларынан келген  сәулет өнерінің хас шеберлері, ғалымдар да бар.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, съезд делегаттары мен қонақтар театр фойесінде ұйымдастырылған сәулетшілердің  көрмесін тамашалады. Көрмеге Алматы, Ақтөбе, Шымкент, тағы басқа облыстардан келген сәулетшілердің және оралдық сәулетшілер Б.Өтегеновтің, А.Умеркаева мен Ю.Умеркаевтың таңдаулы жұмыстары қойылған.

Съезді ҚР Сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембеков қысқаша сөз сөйлеп ашты.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, 25 маусым Қазақстанның батыс қақпасы - Орал қаласында сәулет өнерінің республикадағы ең мықтылары бас қосқан жарқын күн болды. Туған еліміз күн санап гүлденген сайын әрбір қазақстандықтың бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімі ұялайды. Зәулім құрылыстар мен әдемі ғимараттардың бой көтеруі адамға қанат бітіреді, қиялын қияға  жетелейді. «Съезд барысында айтылған ұсыныстар мен жаңа идеяларды зерделеп, оны жүзеге асыруға біз дайынбыз», деді әкім.

Съезд делегаттары  ҚР Сәулетшілер одағының 2008-2012 жылдардағы қызметі туралы  президент  А.Рүстембековтің және тексеру комиссиясының төрағасы А.Қамбарбековтың  есебін тыңдап, талқылады.

Съезде ҚР Сәулетшілер одағының президенттігіне А.Рүстембеков қайтадан  сайланды. Сонымен қатар ҚР Сәулетшілер одағының Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Соңғы жаңалықтар