Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда құрылысшылар күні аталып өтіп, сала озаттары марапатталды

ОРАЛ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Құрылысшылар күніне орай 10 тамыз күні облыс әкімдігінде өткен салтанатты шарада бірқатар сала мамандары марапатталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов қатысты.

Оралда құрылысшылар күні аталып өтіп, сала озаттары марапатталды

 - Құрылысшылар жер бетіндегі бейбіт, жасампаз мамандықтың иесі деп білемін. Елбасымыз «Құрылыс - ел экономикасының локомотиві» деп атап көрсеткен еді. Бұл - құрылысшыларымыздың еңбегіне берілген зор баға. Сіздер облыс экономикасына да сүбелі үлес қосып келесіздер. Тұрғын үй бағдарламаларын іске асырудағы құрылысшылардың қолтаңбасын ерекше айтуға болады. Биылғы бірінші жарты жылдықтың өзінде 97 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда құрылыс саласы мамандарының еңбегі өлшеусіз. Биылдың өзінде халықты ауыз сумен қамту үшін 9 нысан іске қосылмақ. Көптеген білім нысандары ел игілігіне берілсе, соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі құрылысының тәмамдалуы оқушыларымыз үшін зор қуаныш. Барша құрылыс саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құтықтаймын, - деді Ербол Ғұмарұлы.

Салтанатты жиында құрылыс ардагері Кенжеғали Қаражанов, «Имсталькон» Орал монтаждау фирмасының директоры Николай Осипов, қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Илиас Батишов,  облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің директоры Ахмет Ғұбайдуллин, «Сана Маркет» ЖШС директоры Жасталап Қабиев «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төс белгісімен марапатталды. Ал облыстық құрылыс басқармасының бөлім бастығы Наталья Шаталоваға, облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бөлім бастығы Ғайса Тәжібаевқа, осы мекеменің бас маманы Айнұр Мырзағалиеваға, «Азиятехстрой» ЖШС сылақшысы Гүлнар Байбековаға, «Жаиксельстрой» ЖШС-ның бас бухгалтері Мәди Хапезовке, «Альтаир» ЖШС-ның прорабы Рамиль Ишмаковқа облыс әкімінің алғысхаты табысталды. Сондай-ақ құрылыс саласының төрт қызметкері ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің құрмет грамотасына ие болды.