Оралда Махамбет батырдың 210 жылдығына орай дөңгелек үстел отырысы өткізілді

ОРАЛ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - 24 қаңтар күні «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығында ұлы ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығына орай дөңгелек үстел отырысы өткізіліп, оған тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Оралда Махамбет батырдың 210 жылдығына орай дөңгелек үстел отырысы өткізілді

Шараны ұйымдастырған «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаевтың айтуынша, биыл Батыс Қазақстанда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, волейболдан ардагерлер арасында қалааралық турнир, Махамбет күйлерінен республикалық байқау, Орал қаласы мен облыс аудандарында қос батырға арналған баннерлер ілу, концерттер өткізу, ескерткіш орнату және басқа шаралар жоспарланып отыр.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбековтің пікірінше, аталмыш конференцияға Қазақстан мен Ресейден Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тарихын жетік білетін ғалымдарды шақыру қажет. Исатай мен Махамбет және Жәңгір ханның тарихтағы орнын бір шарамен түйіндеу мүмкін емес. Дегенмен білікті ғалымдардың басын қоса отырып, тарихи шындыққа көз жеткізу маңызды.

М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар аталған тақырыпты әлі де зерттей, зерделей түсу қажеттігін тілге тиек етті. Мәселен, Ресейдегі архивтерді тағы бір мұқият қарап, бұрынғы және кейінгі кезде жазылған еңбектерді салыстырып, саралап шыққан артықтық етпейді. Аталмыш университетте де Махамбет оқулары сынды шаралар ұйымдастырылатын болады.

Дөңгелек үстел басында сондай-ақ зейнеткер-журналист Тихон Әліпқали, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Зинуллин, әдебиетші Серікқали Шарабасов, тарихшылар Есқайрат Хайдаров, Жаңабек Жақсығалиев, өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Исатай мен Махамбетке арналған дәптерлер шығарылып, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газетінде тарихи-танымдық мақалалар жарық көретінін жеткізді.