Оралда мал шаруашылығы мәселелеріне арналған аймақтық кеңес болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті зор екенін, осыған қосымша шара ретінде малдәрігерлік саланы халықаралық стандартқа сәйкестендіру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Соған байланысты «Ветеринария туралы» ҚР заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ендігі міндет - осыған орай арнайы сұрыптамалық бағдарламаны жүзеге асыру. Бұл жөнінде ҚР АШМ мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары Серікқали Қалашев, ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитеті ветеринарлық және асыл тұқымды мемлекеттік инспекция басқармасының бастығы Ақын Есполаев және басқалар өз түсінік-тоқтамдарымен бөлісті.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов Батыс Қазақстанның жағырапиялық жағынан ыңғайлы орналасуы, табиғи байлықтары отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отырғандығын атап өтті. Облыс әлемнің 83 елімен әріптестік байланыс жасайды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан елдегі асыл тұқымды мал өсіретін аймақтардың бірі болып саналады.