Оралда «МАЗ»-дың жаңа үлгілері таныстырылды
ОРАЛ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - "Оралагрореммаш" АҚ Оралда көше тазалауға арналған МАЗ-490843-390 және күл-қоқыс тиеп, тасымалдайтын МАЗ-4903А2-390, өрт сөндіруге арналған АЦ-5-40 маркалы автомашиналарының тұсаукесер рәсімін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы, Қазақстан бойынша бірінші рет құрастырылған бұл көлік құралдары бұрынғы КамАЗ-43114, МАЗ- 438043-340 маркілерінің барынша жетілдірілген түрі болып саналады.
"Оралагрореммаш" АҚ-ның өндіріс жөніндегі директоры Сейфолла Ишановтың айтуынша, тапсырыс берушінің сұранысына орай, мәселен, көше тазалауға арналған жаңа көлікке қосымша су жүйесінен немесе ашық су қоймасынан су соратын қондырғы, өрт сөндіруге арналған қондырғы, жасыл алаңқайларды суаруға қажетті құралдарды қоса орнатуға болады. Сондай-ақ құм тазалайтын, сыпырғы орнату да тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Өрт сөндіруге арналған жаңа үлгідегі машина цистернасына бес текше метр су кетеді. Су шашуға арналған құралдардың қуаты да бұрынғысынан әлдеқайда жоғары. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша цистерна көлемін де үлкейтуге болады. Мұндай тапсырыстар түсіп те жатыр.
"Минск автомобиль зауыты" ААҚ-мен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келе жатқан "Оралагрореммаш" АҚ «МАЗ» көліктерін құрастырып шығаруға әбден машықтанған. Биыл осы жаңа үлгідегі көлік құралдарын құрастыруға да біраз тапсырыс алып үлгеріпті. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі алты машинаға тапсырыс берсе, Қорғаныс министрлігі - 15, орман шаруашылығы комитеті - 16, "ҚПО. б.в." компаниясы екі өрт сөндіру машинасын жақын арада пайдаланатын болады. Зауыт қандай көлемдегі тапсырыс болса да орындауға әзір.