Оралда механизатор қыз-келіншектердің еңбек жолына арналған көрме өткізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Ұлы дала арулары» атты көрмесі мен «Әлемнің нұры-әйелдер» атты мәдени-көпшілік шарасы өтті, деп хабарлайды «Жайық пресс».
Кездесу кешіне жиналған жұртшылық алдымен көрмеге қойылған механизатор қыз-келіншектердің сол кездегі өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттерді тамашалады.
«Ақжайық ауданы Алғабас совхозында мектепті бітірген соң, біраз жылдар бойы МТЗ-50 темір тұлпардың тізгінін ұстадым. Тұрмысқа шыққаннан кейінде ер азаматтармен иық тіресіп ауылдың дамуына үлесімізді қостық. Бастапқы кезде трактор айдаудың қиындығы сезілгенімен, кейін бейімделіп тез үйреніп кеттік. Шөп шауып, егін ордық», деп еске алады еңбек ардагері Жұмабике Айтақанова.
Механизатор болып еңбек еткен анан бес бала өсірген және олардан тараған немерелерінің қызығын көріп отыр.
Аталмыш шараның мақсаты әйел атты ұлылыққа құрмет көрсету және ХХ ғасырдың темір тұлпар иелері-механизатор қыз - келіншектердің өмір жолынан мол мағлұмат беру болып табылады. Шараға қатысқан Ж.Айтақанова, Н. Жұмагелдиева, Қ. Есқалиева сияқты механизатор - тракторшы аналарға арнап концерттік бағдарлама ұсынылды.