Оралда «Мектепке жол» акциясы аясында кезекті шара ұйымдастырылды
ОРАЛ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Тамыздың 25-інде Орал қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында кезекті шара ұйымдастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігі «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалымен бірлесіп, кәсіпкерлердің қолдауымен өткізген шара барысында аз қамтылған отбасы балалаларына, жетімдерге және басқа мұқтаж жеткіншектерге 500-ден астам киім мен оқу құралдарының жиынтығы табыс етілді.
Қалалық білім беру бөлімінің бастығы Дайыр Сапаровтың сөзіне қарағанда, акция аясында тағы да бірнеше шара ұйымдастырылмақ. 33 млн. теңге мұқтаж балаларға мектеп киімін алуға бөлінсе, кеңсе тауарларына 10 млн. теңге жұмсалмақ. Ал мектеп жәрмеңкесінде тауарлар оқушылар үшін төмен бағамен сатылуда.