Оралда мемлекет және қоғам қайраткері М.Ықсанов туралы жаңа кітаптың таныстырылымы болды
АЛ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсановтың 85 жылдығын арналған «Ұлы тұлға» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды.
Шараны ұйымдастырған М.Ықсанов атындағы қоғамдық қор төрағасы Асқар Атаевтың айтуынша, жаңа туындының жарық көруі ел тәуелсіздігінің 20 және Мұстахим Ықсановтың 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі - заңдылық. Мұстахим Біләлұлы сол кеңес дәуірінің өзінде ұлты үшін де аянбай еңбек етті. Сөйтіп, соңына толағай істер және өрелі өнегесін қалдырды.
Танымал тұлғаның мерейтойына арналған шаралар биылғы наурыздан бастап қолға алынды. Басқа да шаралармен қатар, М.Ықсанов, М.Мәметова және Ә.Молдағалиева атындағы орта мектептерде түрлі рухани бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылды.
«Ұлы тұлға» кітабына қолдау көрсеткендердің ішінде облыстық ішкі саясат басқармасы да бар. 1000 дана болып шыққан осы кітаптың 450 данасы облыстық кітапханаға берілген. 350 данасын өңірдегі мектеп кітапханаларына тарату көзделуде. Кітапты «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығы басып шығарды. Естеліктерден құралған кітапқа М.Ықсановпен әріптес болған адамдардың, замандастарының мақалалары енгізілген.