Оралда мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге арналған конференция болды
АЛ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 19 қазанда М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен қатысып, мемлекеттік тілдің мән-маңызы зор екенін атап көрсетті.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев «Тіл және философиялық пайымдау» деген тақырыпта баяндама жасап,Асан қайғыдан бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Абай, Шәкәрім айтып кеткен даналық ойлар мен ілімдерге тоқталды.
Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұқанов «Қоғамдық пікір - мемлекеттік тіл саясатының маңызды факторы» деген тақырыпта сөз қозғап, Ақтөбе өңіріндегі жаңалықтарға тоқтала келе, Мартук - Мортық болып өзгеріп қана қоймай, жергілікті жердегі жер-су атауларының 90 пайызы тарихи атауын қайта иеленгенін тілге тиек етті. Оның пікірінше, мектеп қабырғасынан шығып, студент атанғандардың арасында мемлекеттік тілімізде сайрап тұрғандардың саны әлі де жеткіліксіз. Сонда ешқандай нәтиже болмаса, қазақ тілін үйреткен мұғалімдерге не үшін мемлекеттің қаржысы шығындалды? Оқушы ҰБТ-дан қалайша жақсы баға алады? Ал жетім балалар тәрбиеленіп жатқан мекемелердің жанында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Кейбір мекемеде мемлекеттік тілде іс жүргізу аудармашының мойнына жүктеліп қойылған, тіпті ұжым басшысының өзі мемлекеттік тілдің қалай жүріп жатқанынан бейхабар. Оқулықтар сапасы да сын көтермейді. Оған ғалымдарды қатыстыру жағы ойластырылмаған. Осыдан келіп мектептен басталған шалалық бірте-бірте асқына түседі.
Сөз алған басқа да шешендер мемлекеттік тіл туралы жан-жақты баяндама жасады.
Конференция жұмысы одан әрі секциялық бағытта жүргізілді.