Оралда «Орнықты отбасы - ұлт болашағы» атты жас отбасылардың шығармашылық байқауы өтті

ОРАЛ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда Наурыз мейрамына орай «Орнықты отбасы - ұлт болашағы» атты жас отбасылардың шығармашылық байқауы өтті.

Оралда «Орнықты отбасы - ұлт болашағы» атты жас отбасылардың шығармашылық байқауы өтті

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы ұйымдастырған байқау қазақтың салт-дәстүрлерін дамыту, қоғамдағы отбасы беделі мен мәртебесін көтеру, жастарды шығармашылық іс-шараларға тарту мақсатында қолға алынды. Байқау шарттарына сәйкес жас отбасылар өз өнерлерін көрсетіп, бірі балаға ат қойып, екіншісі тұсау кесіп, шашу шашты. Наурыз көже, қазы мен ет тағамдарынан дәм таттырды.

Сайыс қорытындысында «Set-up» би студиясының жетекшісі Сұлтан мен Динара Дәуітовтер «Ең өнерлі жас отбасы» атанды. Сондай-ақ «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі Артур мен Гүлбану Мағзомовтар, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж студенті Диас пен Әйгерім Кенжеғалиевтер алғысхатпен, бағалы сыйлықпен марапатталды.