Оралда өткен «Студенттік театр көктемі» фестивалі болашақта жастар театрын ашу қажеттігін көрсетті

ОРАЛ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Студенттік театр көктемі» фестивалі мәреге жетіп, үздіктер марапатталды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған театр додасында жеті спектакль қойылды.

Облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томановтың айтуынша, жеті қойылымның да режиссерлері М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті режиссура бөлімінің, ал ойнаған әртістер - Құрманғазы атындағы музыка колледжінің актерлік бөлімінің студенттері. Студент режиссерлардың А.Чеховтың әйгілі "Шағала" драмасын (режиссері Мейрам Хабибуллин) жүрексінбей сахналауы жүректі жарып, сыртқа тепкен жастық жігердің қуатын білдіреді. С.Балғабаевтың "Ғашықсыз ғасыр" драмасын облыстық театрдың сәтті қойғаны белгілі. Асылхан Байғуатов сахналаған бұл қойылым жинақылығымен дараланды. Психологиялық иірімдерді, яғни сәт сайын ауысып отыратын көңіл-күйді беруде әртістер біршама еңбектенген. Қазылар алқасы бұл спектакльді кез-келген сахнаға апарып қоюға болады деп баға берді.

Жалпы, ұтымды режиссерлік шешімдер көп болды. Мысалы, 2008 жылы өткен 1-ші фестивальда А.Гернидің "Сильвия" пьесасын дайындаған Ә.Ділмағамбетова осы жолы Х.Вассемудің "Үш грамм" реквиемін әкеліпті. Адамның үш грамм жаны туралы қойылымда режиссер "Біз кімбіз, жер бетінде не істеп жүрміз?" деген сұраққа жауап іздейді.

О.Бөкейдің "Жетім ботасы" мен Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейнесін" біріктіріп, "Жарық дүние" қиялнамасын туғызған Арай Ихсанова екі қаламгердің идеясын бір дүниеге сыйғыза алған. Екі туындыдағы екі мүгедекті сахнада кездестіреді, олар бір-бірін мүсіркемейді, қайта бір-біріне жігер береді, өмір сүруге тиіспіз деп шешеді.

Нұргүл Жақыпова қойған Г.Ибсеннің "Қуыршақ үйі" театрдың барлық сұранысына жауап беретін керемет спектакль. "Үйлесімді актерлік құрам" аталымын алған Х.Эчегарайдың "Данышпан Галеотто" пьесасы (режиссері Ә.Бақтыгереева) Испанияның ауасын әкелген қойылым болды. Адамға ой салуға тырысқан қойылымдардың ішінде А.Шамкеновтың "Қалауын тапса, қар жанар" (режиссері Н.Қисметова) атты бір ғана комедия болды. Қазақылық аңқыған бұл спектакльдегі Құда ролін ойнаған Асылхан Байғуатов және "Қуыршақ үйде" ойнаған Әдемі Нәжімеденова "Көрермен көзайымы" аталымын жеңіп алды, Ал, А.Чеховтың "Шағала" драмасына қорықпай барған Мейрам Хабибуллин "Режиссерлік дебют" аталымына ие болды.

Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің атап өткеніндей, фестивальдың мақсаты - болашақта ашылатын жастар театрына мамандар дайындау.

Фестивальға қатысқан жеті режиссердің бесеуі биыл диплом алғалы отыр. Соның екеуі А. Ихсанова мен Ә.Ділмағамбетова үш жыл актерлік, бес жыл режиссерлік бөлімде оқыды. Фестиваль қорытындысында екеуі де "Ең үздік режиссерлік жұмыс" аталымының жүлдегері атанды.

Соңғы жаңалықтар