Оралда «Парктер дирекциясы» басшысының орынбасары қамауға алынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты «Мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясы» МКК басшысының орынбасарына қатысты әкімшілік істі қарады.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2024 жылдың 6 желтоқсанында сағат 02:15 шамасында азамат Д. көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ бола тұра, Орал қаласы, Молодежная көшесі № 3 үйдің ауласында Toyota автокөлігін жүргізген.
Ол полиция қызметкерінің алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін куәландыру туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан.
Сот отырысында Д. өз кінәсін мойындап, мұндай жағдайдың алғаш рет орын алғанын мәлімдеді. Ол көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ екенін түсініп, медициналық куәландырудан қорыққандықтан, полиция талабын орындамағанын айтты.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 9-бөлігіне сәйкес, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамның полиция қызметкерінің алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін куәландыру туралы заңды талабын орындамауы жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Сот азамат Д.-ның құқық бұзушылық сипатын, жеке басын, оның құқық бұзушылыққа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ іс мән-жайларын ескере отырып, аталмыш кодекстің 613-бабы 9-бөлігі бойынша 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
— Сот атап өткендей, масаң күйде көлік басқару немесе медициналық куәландырудан бас тарту жол қозғалысының қауіпсіздігіне кесел келтіріп, азаматтардың өміріне елеулі қауіп төндіреді. Әсіресе, көлік жүргізу құқығы жоқ адамдардың осындай әрекетке баруы ерекше алаңдатады. Мұндай құқық бұзушылықтар жазасыз қалмауы тиіс. Бұл шешім қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Қаулы заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәсіпкер әйелдің жауапкершілікке негізсіз тартылғаны анықталғанын жазған болатынбыз.