Оралда перзентхана қызметкерінің өлімі: төрт жылдан кейін үкім шығарылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы директоры Жанна Ділманованың ісі қаралды.Ж.Ділмановаға ҚР ҚК 254-бабына (міндеттеріне адал қарамау) сәйкес айып тағылған еді.
Қайғылы оқиға 2021 жылы 31 желтоқсан күні болды. Перинаталдық орталықта лифтер болып жұмыс істеген 50 жастағы әйел көз жұмды. Марқұм жүк лифтісінің кабинасы мен шахтасының арасына қысылып қалған. Оқиға орнында жан тапсырған оның денесін құтқарушылар алып шықты.
Қалалық соттың судьясы Айзада Жұмағұлованың мәлім еткеніндей, Ж.Ділманова кінәсіз деп танылды. Ол қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақталды.
Сонымен қатар материалдық және моральдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыз қараусыз қалдырылды.
Судья тергеудің біржақты, айыптау бағытында жүргізілгенін, тергеушілер тарапынан заңбұзушылыққа жол берілгенін атап өтіп, жеке ұйғарым шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мас күйінде көлік айдаған мектеп директорының сөгіспен құтылғанын жазған едік.