Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда полицейлер 7-қабат терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Оралда полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің 7-қабатындағы терезеге шығып кеткен 4 жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

в
Фото: БҚО ПД

Оқиға бүгін сағат 14:10 шамасында болған. «102» арнасына Орал қаласындағы Мөңкеұлы көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатындағы пәтер терезесіне кішкентай баланың шығып кеткені туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жақын маңда болған Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкері Рысбек Агзамов көмек сұрап айқайлаған әйелдің дауысын естіп, жоғары қарағанда терезеде тұрған баланы байқайды.

Полицей уақыт жоғалтпай көмек көрсетуге ұмтылған. Құтқару жұмыстарына Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің қызметкері Рафаэль Ишакаев та қосылды.

Сондай-ақ осы үйде тұратын Орал қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының полиция жүргізушісі Батырбек Сейітов түскі үзілісте үйінде болған. Ол жағдайды ести сала қажетті құралдарын алып шығып, құлыптаулы пәтердің есігін ашуға көмектескен.

– Пәтер есігі ашылғаннан кейін Рысбек Агзамов ішке бірінші болып кіріп, терезеге шығып алған шамамен төрт жасар баланы қауіпсіз жерге түсірді. Осылайша полицейлердің жедел әрекетінің арқасында баланың өмірі сақталды, – деп хабарлады полициядан.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде баланың анасы қысқа уақытқа сыртқа шығып кеткен. Бала пәтерде жалғыз қалған. Аталған дерек бойынша ата-анасы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция ата-аналарға балаларды үйде қараусыз қалдырмауды, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды және қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.

– Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, – деп атап өтті ведомстводан.

Айта кетейік, құтқарушылар Көлсайда жылан шаққан 16 жастағы қызды ауруханаға жеткізді.