Оралда президенттік сайлауға арналған семинар өткізілді

ОРАЛ. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 11 наурызда Орал қаласында еліміздегі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты қалалық және аудандық сайлау комиссиялары төрағалары

Оралда президенттік сайлауға арналған семинар өткізілді

мен олардың орынбасарлары, хатшылары, облыстық сайлау комиссиясының, саяси партиялардың, президенттікке кандидаттардың өкілдері қатысқан семинар өтті.

Семинарға ҚР Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-сараптама бөлімінің бас кеңесшісі Алма Омарова арнайы қатысты. Алма Мырзағалиқызы елімізде өткелі жатқан кезектен тыс Президент сайлауын аса маңызды саяси шара деп бағалап, осы жауапты науқанды заң аясында әділ әрі ұйымшылдықпен өткізуге шақырды.

- Орталық сайлау комиссиясы сайлауды заң аясында әділ өткізуге қатысты барлық шараларды атқаруда, - деді Алма Омарова. - Үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмыстары бүгінде ең қызу кезеңіне жетті. Барлық үміткерге БАҚ-та үгіт жұмыстарын жүргізу үшін бірдей мүмкіндік беріледі. Сайлауалды насихат жұмыстарын ұйымдастыру үшін әрбір үміткерге 6 млн. 294 мың теңге берілді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзиннің айтуынша, бүгінде облыс көлемінде 540 сайлау комиссиясы құрылған. Оның 14-і аумақтық, 526-сы учаскелік сайлау комиссиясы. Бұл комиссияларда 3780 адам жұмыс істеуде. «Комиссия мүшелері тәжірибелі, өз ісін жетік білетін мамандар», - деді Абай Жаманқұлұлы.

Ел болашағы үшін аса маңызды шараға қатысушы сайлаушылардың тізімі толық әрі нақты болуы үшін де қыруар жұмыс жасалуда. 13 наурыз күні әрбір учаскелік сайлау комиссиясына сол аймақта тұратын сайлаушылардың тізімі тапсырылады. Бұған қоса, Алма Омарованың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының сайтында да барлық сайлаушылардың тізімі қойылған. Ғаламторға кіру мүмкіндігі бар әрбір адам өзінің жеке идентификациялық нөмірін теру арқылы өзінің тізімде бар-жоғын анықтай алады.

Семинар барысында Орал қалалық сайлау комиссиясының өкілі Нұрлан Бекқайыр қаладағы сайлауға дайындық барысы жөнінде есеп берді.