Оралда прокуратура қызметкерін ұрып-соққан күдікті қамауға алынды

ОРАЛ. 12 маусым. ҚазАқпарат - БҚО прокуратурасының қызметкері Руслан Аминов 5 маусым күні басы мен мойнынан жарақат алып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

Оралда прокуратура қызметкерін ұрып-соққан күдікті қамауға алынды

БҚО ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы Мағауия Құрмашевтің айтуынша, 10 маусым күні прокуратура қызметкеріне қатысты бұзақылық жасағаны үшін күдікті ұсталды. Осыған байланысты ҚР ҚК 257-бабына сәйкес (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Күдікті аталмыш қылмысқа қатысты екенінен бас тартып отырған жоқ. Қылмыстық іс тергелу үстінде, оның басқа бапқа ауыстырылуы да әбден мүмкін. Ал күдікті Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

Аталған қылмыс прокурордың кәсіби қызметіне байланысты ма, ол тергеу барысында анықталады. Жәбірленуші соттарға ауыр қылмыстар бойынша мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан.

Қазіргі кезде прокуратура қызметкері нейрохирургиялық бөлімге көшірілді.