Оралда Пушкин аялдаған тарихи ғимарат несімен маңызды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкиннің 1833 жылы Орал қаласына келгені белгілі. Осыған орай Kazinform тілшісі ақынның сол сапары мен мәртебелі мейман аялдаған тарихи ғимарат сырына үңіліп көрген еді.
Оралда өткен екі жарым күн
БҚО тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатырдың мәлім еткеніндей, Александр Пушкин Үлкен Орынбор жолы арқылы Оралға 1833 жылы 21 қыркүйек күні келген.
Оның мақсаты — Пугачев көтерілісі туралы материал жинау, яғни ақынның өзі жазғандай, «халықтың пікірін білу еді».
Нұржан Тоғызбайұлының сөзіне қарағанда, ақын атаман үйіне тоқтап, сонда тұрған. Үйдің кіреберісінде Петербургтен келген қонақты адъютант Никита Донской қарсы алады. Донской Пушкинді екінші қабаттағы қонақ бөлмесіне ертіп апарады. Сол жерде киімін ауыстырған ақын кейін төменге түсіп, сол кездегі Орал қаласының атаманы Василий Покатиловтың қабылдауында болады.
— Орал қаласында Пушкин Пугачевтың халық жадына терең енгенін көрді. Пугачевтың есімі «аймақтарда әлі де даңқы шығып тұр», ал «халық әлі де сол кезеңді есте сақтайды», — деп ақын «Пугачев тарихы» мен «Капитан қызы» шығармаларында айқын суреттеген. 1833 жылы күзде Оралда өткен екі жарым күн Пушкиннің өмірінің ерекше сәттері болды. Сол қысқа мерзімде ол «Капитан қызы» романындағы жаңа беттерді, «Пугачев тарихы» шығармасын жазды, — дейді Нұржан Дүзбатыр.
Александр Пушкин Жайық казактарының фольклоры мен тұрмысын зерттей отырып, басқа халықтардың рухани мәдениетіне, салт-дәстүріне және ауыз әдебиетіне ерекше қызығушылық танытты.
Ақынның Орал қаласында болуы оның шығармашылығын шығыстық материалдарымен байытты. Қала маңында ол қалмақтардың бүркіт пен қарға туралы ертегісін, сондай-ақ қазақтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» эпикалық жырын естіген болуы мүмкін. Бүркіт пен қарға туралы ертегіні Пушкин «Капитан қызы» романында пайдаланған. Бұл ертегі Емельян Пугачев бейнесін әсерлі әрі нанымды сипаттауға септеседі. Ал қазақтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырына келсек, оның мәтіні ақынның мұрағатынан табылып, тек 1937 жылы Лев Модзалевский тарапынан «Пушкин комиссиясының хабаршысында» алғаш рет жарияланған. Жазба бейтаныс адамның қолымен үлкен форматтағы бес бетке түсірілген.
Осы деректер Пушкин шығармашылығының қазақ әдебиетімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Ақынның мезгілсіз қазасы дала эпосы негізінде шығарма жазуына мүмкіндік бермеді. Егер ондай туынды дүниеге келгенде, ол Пушкиннің «кіші трагедияларының» қатарына қосылар еді.
XIX ғасырда Қазақстанда Пушкин шығармасын насихаттаушылар қатарында Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, сондай-ақ сұлтан-билеуші Ахмет Жантөрин болды.
— Пушкин туындыларын қазақ тіліне аударып, халыққа жеткізген көрнекті қаламгерлер Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Ғали Орманов, Фариза Оңғарсынова және басқа ақын-жазушылар еді. Молданияз Бекімов — Алаш қозғалысының қайраткері, аудармашы, фольклоршы, қазақ офицерлерінің бірі. Ол Александр Пушкиннің «Капитан қызы» повесін 1903 жылы қазақ тіліне аударып, Қазан қаласында басып шығарды. Осылайша, Пушкиннің Оралға сапары орыс және қазақ әдебиетінің рухани байланысын нығайта түсті, — дейді музей қызметкері.
Бұрынғы атаман үйінде орналасқан А. С. Пушкин музейі 2006 жылы 6 қазанда ашылды. Мұнда 80-нен астам экспонат бар.
Тарихи ғимараттың салынғанына қос ғасырдан асты
Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Нұрлан Кенжиннің толықтыруынша, ақын аялдаған атаман үйі (кейін көпес Овчинниковтің табыс үйлері) республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи-сәулет ескерткіші болып есептеледі.
Ескерткіштің қорғау аймақтары мен пайдалану режимі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 301 қаулысымен бекітілген.
— Ғимарат 1823-1825 жылдары итальян текті әскери сәулетші Микеле (Михаил) Дельмединоның жобасы бойынша салынған. Сәулетші 1821 жылғы алапат өрттен кейін Орал қаласын қайта жоспарлау жұмыстарына қатысып, өңірдегі көптеген әкімшілік және қоғамдық ғимараттардың жобасын әзірлеген. Атаман үйі — ампир стилінде салынған екі қабатты тас ғимарат. Оның сәулеттік композициясында классикалық сәулет үлгілері мен итальяндық «палаццо» стилінің белгілері көрініс тапқан, — дейді Нұрлан Кенжин.
Нұрлан Серікұлының мәлімдеуінше, бастапқыда бұл ғимарат Орал казак әскерінің атаманы Дмитрий Бородиннің жеке резиденциясы ретінде бой көтерген. Кейін оның мұрагерлері ғимаратты әскери қазынаға сатып, ол ұзақ уақыт бойы Орал казак әскерінің ресми атаман резиденциясы қызметін атқарған. Мұнда Ресей империясының жоғары лауазымды тұлғалары мен мәртебелі қонақтары қабылданған.
Бұл ғимаратта әр кезеңде Александр Пушкиннен басқа көптеген көрнекті тұлға болған. Олардың қатарында жазушы әрі этнограф Владимир Даль, ақын Василий Жуковский, жазушы Лев Толстой, сондай-ақ Ресей императорлары Александр II мен Николай II бар. Осы тұлғалардың келуіне арналған естелік тақталар ғимараттың қасбетіне орнатылған.
1919 жылдан бастап ғимарат әскери ведомствоның қарауына берілді. Кейін әр жылдары онда әскери бөлім, пионерлер үйі, балалар кітапханасы және әдеби музей орналасты. Кеңес дәуірінде ғимаратты бұзу мәселесі көтерілгенімен, оның тарихи және сәулеттік құндылығы ескеріліп, ескерткіш сақталып қалды.
Өңірдегі тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының мәліметі бойынша қазіргі уақытта тарихи ғимаратта музейге қоса ҚР Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің емханасы бар госпиталі мемлекеттік мекемесі орналасқан. Ғимарат бірнеше рет ғылыми-реставрациялық жұмыстардан өткізіліп, өзінің тарихи-сәулеттік келбетін сақтап қалған. Бүгінде ол мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде пайдаланылып келеді.
— Александр Пушкин тоқтаған атаман үйі — Батыс Қазақстан облысының тарихи және сәулеттік мұрасының аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Ескерткіш ХІХ ғасырдағы азаматтық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі әрі қаланың тарихи келбетін қалыптастырған сәулет нысандарының бірі болуымен құнды. Оған қоса орыстың ұлы ақыны аялдаған Қазақстандағы жалғыз тарихи орын. Мәртебелі мейман Оралға сапары барысында «Пугачев тарихы» мен «Капитан қызы» шығармаларының жазылуына негіз болған тарихи материалдарды жинады. Ресей және Қазақстан тарихымен байланысты көптеген көрнекті тарихи тұлғалардың келуі де ғимараттың құндылығын арттыра түседі, — деп түйіндеді сөзін Нұрлан Кенжин.
«Мен мұнда қалар едім…»
Александр Пушкиннің Оралға сапарын зерттеушілер қатарында батысқазақстандық ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, марқұм Николай Щербановты атауға болады.
Щербанов «Поехал я в Уральск…» атты кітабында келтіргеніндей, ақын ілкіде саяхатын Орынборда аяқтайтыны жөнінде әйеліне хат жазған. Алайда оны Орал өңірі туралы әңгімелерімен орыс жазушысы, этнограф Владимир Даль қызықтырған секілді. Өйткені осының алдында Даль аталмыш аймақты ұзақ уақыт бойы аралап келген. Пушкиннің Оралға ат басын бұруына орыс ғалымы, саяхатшы Григорий Карелин ықпал етуі, сонымен қатар басқа себептер болуы да ықтимал.
Щербановтың жазуынша, Дальдың Оралға Пушкинмен бірге келген-келмегені жөнінде екі түрлі жорамал айтылып келеді. Зерттеушілердің бірқатары Владимир Даль сапарлас болған десе, кейбіреулері қарама-қарсы пікір айтады, оған өз дәлелдерін келтіреді.
Сонымен қатар Пушкин Оралда қазақтың ұлы ақыны Махамбетпен кездескен деген болжам бар. Оларды жүздестірген Владимир Даль, бұл туралы хабар кезінде «Русский вестник» басылымында жарияланған делінеді, бірақ бұл нақты дәлелін тапқан жоқ. Сол кезде Орынбор әскери генерал-губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі қызметін атқарған Даль қазақ даласын жиі аралаған. Қазақтар өмірінен шығармалар жазды. Ол Махамбетпен де таныс болған.
Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев «Жұлдыздар құлаған жер» атты повесінде Александр Пушкиннің Махамбетпен кездескені туралы суреттеп жазды.
Қорыта айтқанда, Пушкинге Орал өңіріне жасаған сапары ұнағаны сондай, мұны «Когда б не смутное влечение» деп басталатын қысқа өлеңінде әсерлене келтіреді.
«Когда б не смутное влечение
Чего-то жаждущей души,
Я здесь остался б — наслажденье
Вкушать в неведомой тиши…» деп жазады Пушкин.
Зерттеушілер Оралда күн суытып, қар ұшқындағандықтан, ақын сапарын ерте аяқтаған деген деректі келтіреді.
Ендеше, ұлы ақын да Оралда қалғысы келген екен.
Жалпы, Александр Пушкиннің Оралға сапары әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жаңа музей ғимаратын салу қажеттілігі туындағанын жазған едік.
Қос ғасыр бұрын Оралдан ашылған Штраус дәріханасы жайлы не білетініміз жария етілді.