Оралда салық басқармасында жаңа орталық ашылды

АЛ. 14 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 14 қазан күні Орал қалалық салық басқармасында жаңа ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы ашылды.

Оралда салық басқармасында жаңа орталық ашылды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде тапсырма береді. Соның аясында жергілікті атқарушы органдар біраз игі істер атқарып келеді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында атқарылған мұндай шараның халық көңілінен шығары анық.

Жаңа орталықтың бірінші қабатындағы залда салық төлеушілерге 17 «терезе» қызмет көрсетеді. Оған қоса кеңсе және анықтама қызметі орнатылған. Келушілер кезегін арнайы электрондық жүйе реттейді. Бар жағдай жасалған орталықта салық төлеушілердің құжатын толтыру үшін арнайы үстелдер қойылған.

Екінші қабатта 20 орынға арналған «Салық төлеуші терминалы» орналасқан. Оның көмегімен салық есебін жіберуге болады. Бүгінгі таңда салық төлеушілердің 80 пайызы есебін электронды түрде тапсыруда.

Қысқа уақыттың ішінде бар жағдай жасалған ғимаратты салып берген «АжАс-строй» ЖШС құрылыс фирмасының директоры Армат Төлегенов облыстық салық департаментінің бастығы Қайрат Жалмұхамбетовке жаңа орталықтың бейнелік кілтін табыс етті.