Оралда «Самал» туристік лагері ашылды
ОРАЛ. 1 маусым. ҚазАқпарат - 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Орал қаласында жаңадан салынған «Самал» туристік лагері ашылды.
Туристік демалыс орталығының салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов лагерьдегі шәкірттерді өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан айтулы мерекемен және нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, жаңа автобустің кілтін табыс етті.
Демалыс орталығын аралаған соң, Ербол Салықов лагерь аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, балаларға үлгі көрсетті. Бұдан соң шәкірттерге туристік техникалық шеберлікті үйрететін жаттығуларды тамашалады.
«Самал» туристік лагерінің меңгерушісі Айгүл Әділованың айтуынша, демалыс орталығындағы жаңа нысандарды салуға жергілікті қазынадан 44 млн. қаржы жұмсалған. Аталған лагерь бұрынғы «Жас дәурен» балалар кешенінің қосалқы шаруашылығына арналған аумақта орналасқан.
Жаңа ашылған лагерьде бір маусымда 65 бала демалады. Биылғы жаздың өзінде балалар бес маусым бойынша қабылданбақ. Мұнда шәкірттердің тынығуы үшін түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылып, туристік техникаларды меңгеруіне де көңіл бөлінеді.