Оралда сайлауға байланысты үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бас қосты
ОРАЛ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда 12 наурыз күні президенттік сайлауға байланысты үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бас қосты.
«Н.Назарбаев - азаматтық қоғам дамуы үлгісінің бірегей авторы» атты конференцияда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, аталмыш шара «Тәуелсіздік жетістіктері» іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Содан кейін ол тәуелсіз еліміздің 20 жыл ішінде қол жеткізген басты-басты жетістіктерін қысқаша атап өтті.
Жиында сөз алғандардың бірі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Нарын» қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Кәкен Көбейсінов Елбасының тікелей араласуымен елімізде ядролық қаруды сынаудың тоқтатылғаны, әскери сынақтардан зардап шеккендерге жасалып отырған қамқорлық туралы әңгімеледі. Сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжанов, Қазақстан халқы асссамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сергей Погодин, ауған соғысының ардагері Садық Төлегенов, облыстық экологиялық ҮЕҰ қауымдастығының президенті Ғазиз Хаймулдин және басқалар еліміздің қарыштап дамып, халқымыздың тұрмысының жақсарғанын, Ақ Жайықты мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ынтымағының жарасым табуына әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Асссамблеясының зор үлесі, басқа да жайттарға қатысты пікірлерін білдірді.
Конференция соңында ҮЕҰ өкілдері үндеу қабылдап, ол бірауыздан мақұлданды.
ҮЕҰ жетекшілері мен мүшелерінің басын қосқан дәл осындай жиын барлық ауданда да өткізілді.