Оралда шекаралас аймақтардағы кітапхана мәселелерін талқылаған конференция өткізілді

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда өткен конференцияда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов сөз сөйлеп, шекаралас аймақтардағы кітапханалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасып отыруы қажеттігін атап көрсетті.
Шара барысында Қазақстан кітапханаларының халықаралық қарым-қатынастары, кітапхана ісін модернизациялау, еуразиялық кітапханалық кеңістікте оқуды алға жылжыту мәселелері талқыланды. Кітапхана жүйесінде жаңа заман талабына сай сандық қордан электронды форматқа көшу үрдісінде шетелмен іс-тәжірибе алмасу туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті дамыту мен сақтаудағы кітапханалардың жұмысына баса назар аударылды.
Конференция жұмысы «Еуразиядағы өркениеттер қиылысы: кітапхананың рөлі мен орны» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысымен қорытындыланды.
Шараға Астана қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Ресей Федерациясының көршілес Саратов, Самара, Орынбор, Волгоград облыстарынан кітапхана мамандары, ғалымдар қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.