Оралда «Шешен сөйлей білеміз бе?» атты жаңа кітап таныстырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде осы оқу орны жанындағы «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаевтың «Шешен сөйлей білеміз бе?» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда «Шешен сөйлей білеміз бе?» атты жаңа кітап таныстырылды

Шарада университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиев екінің бірі кітап шығарып жатқан қазіргідей уақытта жастарды шешендік өнерге баулитын аталмыш ғылыми еңбектің құндылығы мол екендігін жеткізді.

null 

Көлемді кітаптың тұсауын кескен белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова жаңа жинақты оқығандардың опынбайтынын атап өтті. «Бұл студент жастар ғана емес, алқада аузым өзімдікі деп айта беретіндерге, тойда тоқтамайтындарға, садақада сұңқылдайтындарға, биліктегі былдырлайтындарға, мәселені мақсатсыз мәністейтіндерге, орынсыз осқырынатындарға, баяғыда былай еді деп бас қатыратындарға, жылысуланып жалпылдайтындарға, данасынып дабырлайтындарға, бірдеңе білсем, санаға ілсем дейтіндерге бағыт сілтейтін оқулық», деді ол.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы «Жұбановтану» ғылыми зертханасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұқановтың айтуынша, шешендіктің тамыры тым әріден басталады. Мысалы, риториканы ұлы ғалым әл-Фарабидың арнайы зерттегені мәлім. Сондықтан оны қазіргі заман тұрғысынан қайта қарастырудың маңызы зор. Бұл ретте Абат Қыдыршаевтың шешендікті зерттеп қана қоймай, төңірегіне шәкірт жинап, оларды тәрбиелей білгендігін де айту керек.

null 

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабырдың сөзіне қарағанда, Абат Сатыбайұлының ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты - қазақ тілін және шешендіктануды (риторика) оқытудың теориясы мен практикасы мәселелері. 2001 жылы «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған әдіскер ғалым шешендіктанудың ғылым саласы және оқу пәні екенін дәлелдеді. «Қазақ қоғамында шешен көптің опасы болғаны анық. Бүгінде оның маңызы арта түсті. Егемен еліміздің әрбір мемлекеттік қызметкері топ алдында әдемі сөйлеуге, ойын толық жеткізуге міндетті. Өмірді сөз өрнектейді, сөз басқарады. Тіршіліктің бастауы - сөз. Ғалымның бар еңбегі осы мүдде тұрғысынан жазылған. Жаңа кітапта антикалық дәуірден бүгінге дейінгі отандық және шетелдік ғұлама ойшылдардың, ғалым, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың шешен сөйлеу табиғатына қатысты айтылған қанатты сөздері, ақыл-нақылдары және халықтың мақал-мәтелдері жинақталған. Бұндай афоризмдерді тырнақтап жинау - көп жылдық ұстаздық тәжірибенің нәтижесі. Өзі оқып, тұшынып қана қоймай, автор қажетті ой-тұжырымдарын көпшілікке ұсынып отыр. Бұл кітап сонысымен құнды болып табылады. Кітаптың тағы бір ұтымды жері қанатты сөздерді тақырыптық топтарға жүйелеп, оқырманның тез ой түюіне мүмкіндік қалыптастыруы, ұтқыр ойлауға жетелеуі деп айтуға болады. Қазіргі жаһандану заманында кітап ақтарып, керегін іздену сиреп бара жатқаны шындық. Автор өзінің көп жылдық еңбегінің жемісін, жинаған қорын жас өркендерге дайын қалпында ұсынып отыр. Кітаптың басты ұтымдылығы оқумен, тоқумен, асыл сөзді тыңдаумен, тұшынумен  шешендікті үйренуге болатынын  көрсете алғандығы. Болашақта топқа түсіп, ел мүддесі үшін еңбек етіп, шаршы топ алдында сөзді қару қылар маманға ой салар, қажетті оқу  құралы деп бағалаймын», деді Мұрат Сабыр.

null 

Айта кетейік, «Шешен сөйлей білеміз бе?» жинағы Оралдағы «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан 2 мың дана таралыммен жарық көрген.

null