Оралда шетелдік кәсіпорындарда қазақстандық қатысты кеңейтуге арналған республикалық форум басталды

ОРАЛ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында бүгін шетелдік кәсіпорындарда қазақстандық қатысты кеңейтуге арналған республикалық форум басталды,

Оралда шетелдік кәсіпорындарда қазақстандық қатысты кеңейтуге арналған республикалық форум басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш мәселеде шетелдік компаниялар ? кен пайдаланушылардың шешуші рөл атқара алатындығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 20-шы пленарлық мәжілісінде атап өткен болатын. Бұл басқосу да мемлекет басшысының отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, отандық өнім өндірушілер Қазақстан аумағында шетелдік операторлар жүзеге асыратын ірі мұнайгаз жобаларына қатыса бермейді. Мұның басты себебі ? тендерлер республика аумағынан тыс жерлерде өткізіледі және оларды жеңіп алатын да шетелдіктер. Жергілікті мердігерлерге ұсақ жұмыстар ғана қалады. Сондықтан жобалар мен сатыпалулар туралы ақпараттар шетелдік кәсіпорындар, соның ішінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы сайттарында күні бұрын жариялануы керек. Екіншіден, тендерлер ел аумағында өткізілуі тиіс. БҚО-ның өзінде машина жасау, металл өңдеу, мұнайгаз жабдықтарын, арнайы киімдер шығаруға мүмкіндік мол. Мұны шетелдік кен пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар толық пайдалана алады. Форум барысында БҚО әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Атамекен» одағы ұлттық-экономикалық палатасы, БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы және «ҚПО б.в» құрылтайшылары арасында меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Сондай-ақ бірқатар келісімшарттарға да жол ашылмақ.