Оралда шорт-тректен ҚР чемпионаты мәреге жетті (ФОТО)

Жарыстың бас төрешісі Максим Лозовойдың хабарлағанындай, чемпионат төрт жас ерекшеліктеріне қарай өтіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Мысалы, аға жастағы жасөспірімдер арасында 1500 метр қашықтықта астаналық Дінмұхамед Жолдас, батысқазақстандық Әділ Ғалиахметов, 1 мың метрден Нұрлыбек Бейсеев (ОҚО), 1500 метрлік суперфиналда тағы да Ә.Ғалиахметов жеңімпаз атанды.
Аға жастағы қыздардан 1500, 1000 және 500 метр қашықтықтың бәрінде батысқазақстандық Ғалия Жұмағазиева алдына жан салмады. 1500 метрлік суперфиналда Ксения Подчасова бірінші келсе, Ғалия екінші орынды еншіледі. Орта жастағы қыздардан 1 мың метр, 800 метр және 1 мың метрлік суперфиналда қостанайлық Қадиша Бақыткереева ешкімге дес бермеді. 500 метрде тағы бір қостанайлық Әсел Тайшыманова озды. Орта жастағы жасөспірімдерден 1 мың метр, 800 метр және 1 мың метрлік суперфиналда қостанайлық Глеб Ивченко чемпион атанды.
500 метрде тағы бір қостанайлық Даниэль Юрчуктің бағы жанды. Кіші жастағы қыздар арасында 800 метрден батысқазақстандық Дарья Задирайконың, 333 метрден шығысқазақстандық Мария Горбунованың, 500 метрден және 800 метрлік суперфиналдан қостанайлық Фариза Белжанованың мерейі үстем болды. Кіші жастағы жасөспірімдер арасында 800, 333 және 500 метр қашықтықта қостанайлық Вадим Садовников үздік атанса, 800 метрлік суперфиналда тағы бір қостанайлық Никита Овражко чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Сондай-ақ кішкентай қыздар арасында 500 метрден астаналық Іңкәр Нұрланова, 222 және 333 метрден батысқазақстандық Алина Әжіғалиева озса, балалардан 500, 222 және 333 метрден қостанайлық Григорий Рыбалко мәреге бірінші келді.
Эстафеталық сында аға жастағы жасөспірімдер арасында 2000 метрлік қашықтықта БҚО құрамасы (Әділ Ғалиахметов, Айбек Қадыров, Ғалым Хасанов, Азамат Үмбетқалиев), қыздардан қостанайлықтар чемпион атанды. Сол секілді орта және кіші жастағы бозбалалар мен қыздар арасында тағы да қостанайлықтар бірінші орынға шықты. Кішкентай қыздар арасында 1500 метрден БҚО құрамасы (Нарғыз Омарова, Алина Әжіғалиева, Анеля Керей) үздік болса, балалардан қостанайлықтар озды.
Айта кетейік, жарысқа Астана қаласы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 160 шорттрекші қатысып, бақ сынады.