Оралда спорт күніне орай шағын футболдан журналистер арасында жарыс өткізілді

ОРАЛ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубының стадионында спорт күніне орай және қазақстандық олимпиадашыларды қолдау бағытында шағын футболдан бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарыс өткізілді.

Оралда спорт күніне орай шағын футболдан журналистер арасында жарыс өткізілді

Аталмыш футбол клубы мен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған турнир қорытындысында үш команда бірдей ұпай жинады. Доп айырмасына сәйкес «Жайық спорт» газетінің жастары бірінші орынға шықса, «ТДК 42» каналы жігіттері - екінші, «Жайық Пресс» ЖШС үшінші жүлдені бөлісті. Оларға кубоктар мен ескерткіш медальдар табыс етілді. «Қазақстан - Орал» телеарнасы соңғы, төртінші орында қалып қойды. Сондай-ақ жарыстың үздік ойыншылары да марапатталды.

«Ақжайық» футбол клубының басшысы Рашид Хуснутдиновтің атап өткеніндей, спорт жарыстарын газет бетінде жазып, теледидардан көрсетіп, көпшілікке насихаттап жүретін журналистер бұл жолы жасыл алаңда өздері тым-тәуір өнер көрсетті.