Оралда Сталинград соғысы туралы фильмдер көрсетілді

Аталған фильмдердің сценарийін жазған және аударған театр қайраткері Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, өңірге танымал кәсіпкер, ұлтжанды азамат Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы осы кезге дейін Ұлы Отан соғысына Батыс Қазақстан облысының қатысы, майдандағы ерлік пен тылдағы еңбек жөнінде барлығы 17 фильм түсірген болатын. Соның екеуі Сталинград шайқасына арналған еді. Сталинград майданы тиіп тұрғандықтан, БҚО-ның Орда (қазіргі Бөкей ордасы) және Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланған болатын. Сондықтан осы төңіректегі ауыл-аймаққа соғыс әкелген зардап аз болған жоқ. Әсіресе, темір жол бойындағы Сайқын, Жәнібек, Шоңай стансалары жиі бомбалауға ұшырады. Фильм түсіру кезінде көзі тірі куәгерлер сол қасіретті кезең туралы әңгімелеп берді.
Шара барысында сондай-ақ «SAYAT» этнотуристік орталығы» ЖШС директоры, өлкетанушы Айболат Құрымбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева Ұлы Жеңіске батысқазақстандықтардың мол үлес қосқандығын айтып, аға буын қаһармандығын кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиістігін атап өтті.
«Өңір тарихына қатысты тағы да фильмдер түсіру ойда бар. Бәрі де қаржыға байланысты. Сонымен қатар Орал қаласы төңірегінде балаларды атпен серуендетуге арналған «SAYAT» этнотуристік орталығы құрылып жатқанын айта кеткім келеді. Жас ұрпақ атқа мініп, өз өлкесін танып-біліп өссе дейміз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қ.Төлеуішев.