Оралда Тәуелсіздік күніне орай волейболдан жарыс мәреге жетті (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай волейболдан БҚО әкімінің кубогы үшін дәстүрлі жарыс мәреге жетті.

Оралда Тәуелсіздік күніне орай волейболдан жарыс мәреге жетті  (ФОТО)

Мемлекеттік қызметшілер, жалпы бұқара халық арасында спортты насихаттау, салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында ұйымдастырылған турнирге өңірдегі аудандық, қалалық және облыстық әкімдіктердің командалары қатысты. Яғни әкімдерден бастап қарапайым қызметкерлерге дейін алаңға шығып, өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Бірнеше күнге созылған жарыс қорытындысында БҚО әкімдігінің командасы жеңімпаз атанды. Қазталов ауданы әкімдігі екінші, жәнібектіктер үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, кубок, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар ерекше көзге түскен ойыншылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, бөрлілік Айнұр Құрманқұлова «үздік қорғаушы», жаңақалалық Арнұр Қаполов «үздік тосқауыл қоюшы», Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев «үздік байланыстырушы», қаратөбелік Асланбек Бәуен «үздік шабуылшы», Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов «үздік ойыншы» атанды.