Оралда тест нәтижелерін бұрмалау арқылы заңсыз табыс тапқандар сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығын бағалаудың ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған ақпаратты қасақана заңсыз енгізгені үшін кінәлі деп танылған төрт адамға үкім шықты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сотталушылардың біреуі «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» РҚБ (ҰТЕО) БҚО бойынша өңірлік сарапшысы болып жұмыс істеген.
Ол 2018–2025 жылдар аралығында exam.ncie.kz ақпараттық жүйесінде аттестациялық тестілеуден өту кезінде жекелеген медицина қызметкерлеріне заңсыз көмек көрсету схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық ойды жүзеге асыру үшін өзінің көмекшісін, сондай-ақ IT-технологиялар саласындағы екі маманды тартқан.
Сарапшы жалпы басшылықты, кандидаттарды іздеуді, ақшалай қаражатты алуды және оларды бөлуді жүзеге асырған. Көмекшісі кандидаттарды іздеуге, ақша жинап, тестілеуді ұйымдастыруға қатысқан. Ал қалған екеуі қашықтан қол жеткізу бағдарламалары (AnyDesk, Radmin) арқылы емтихан компьютерлеріне қашықтан қосылып, тест материалдарын заңсыз көшірген және кандидаттардың атынан дұрыс жауаптарды енгізіп отырған.
Осылайша, тестілеуді бұрмалағаны үшін кандидаттардан алынған қаражаттың жалпы сомасы 4 млн 032,000 мың теңгеден асқан.
Жалған мәліметтерді енгізу салдарынан білімі мен дағдылары дәлелденбеген медицина қызметкерлері заңсыз түрде біліктілік санаттары мен сертификаттар алған. Осы құжаттардың негізінде бюджет және жұмыс берушілер қаражаты есебінен оларға 16 млн 524,446 мың теңге көлемінде лауазымдық ақыларына қосымша ақы төленген.
Сонымен қатар «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» РҚБ-ның іскерлік беделіне нұқсан келтірілген. Мекеме оған қоса қаржылай шығынға қалған.
— Сотталушылар кінәларын толықтай мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді және істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұрады. Аталған қылмыстық құқық бұзу шағын ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады. Сот үкімімен олардың барлығына 1 жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді. Бірақ төртеуі де рақымшылыққа ілігіп, негізгі жазадан (бостандықты шектеу) босатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО ауруханасы сапасыз қызмет үшін марқұмның туыстарына өтемақы төлейтін болғанын жазған едік.