Оралда тоғызқұмалақтан жарыс тартысты өтті

ОРАЛ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласында тоғызқұмалақтан «Жайық Пресс» ЖШС жүлдесі үшін облыстық жарыс мәреге жетті.

Оралда тоғызқұмалақтан жарыс тартысты өтті

Аталмыш турнирге барлығы 85 спортшы қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсті.

Тоғызқұмалақтан облыс құрамасының бас бапкері, жарысқа қазылық еткен Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, сайыс өте тартысты өтті. Мәселен, ересек қыздар арасында оралдық спорт шеберіне үміткер Назгүл Кенжебекова Қазақстан чемпиондарын ұтып кетіп, бірінші орынға көтерілді. Қалған жүлделі орындарды сырымдық Алтынгүл Нағымтегі мен оралдық Анель Досалиева бөлісті. Жасөспірім қыздардан Аида Карина жеңімпаз атанса, Ділнәз Ерниязова мен Гүлнәз Оразмұхамбет (бәрі де Оралдан) екінші-үшінші орынды еншіледі. Ардагерлерден қазталовтық Айтжан Жұмағазиев, оралдық Қанапия Қаяпбергенов, ақжайықтық Жасұлан Құрманов, ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сайлан Матылов, Әсет Қайыржанов, Алпамыс Оразмұхамбет, жасөспірімдерден Бауыржан Ахметқалиев, Бекарыс Жортабаев, Мирлан Тінәлиев жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың бәрі де дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Облыстық «Орал өңірі» газетінде тоғызқұмалақ ойынын тұрақты насихаттап келе жатқан, осы жарыстың өткізілуіне ұйытқы болған журналист Сырымбек Тұяқовқа ескерткіш сыйлық табыс етілді.