Оралда тұрғындар бау-бақша серіктестігі төрағасының қызметіне наразылық білдірді

Орал қаласында тұрғындар «Зачаганский» бау-бақша серіктестігі төрағасының қызметіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

баубақша
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Зачаган кентінде «Құс фабрикасы» аталып кеткен шағынаудандағы балалар алаңында тұрғындар жиыны болып, онда «Зачаганский» бау-бақша серіктестігіне қатысты мәселе талқыланды. Бейбітшілік көшесінде тұратын Асхат Баетов «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесовтің 9 жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын, оның жұмысына қанағаттанбайтынын жеткізді.

бау-бақша
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Халыққа есеп беру жөнінде қаншама өтініш жасасақ та, ештеңе орындалған жоқ. Соңғы рет жазда жазбаша өтініш бердік, төрт айдан бері қозғалыс жоқ. Содан кейін Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұрлыхан Әбеновке барып, белсенділердің қатысуымен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Жолды асфальттау үшін кезінде облыс әкімінің өзіне дейін баруға тура келді», - деді А. Баетов.

«Шетте тұратын ағайындар таңда балшық кешіп келе жатқанда, оларды трассаға дейін көлігімізбен жеткізгенде, осыны ойлайтын бір адам жоқ дейтін едік. Содан кейін белсенді жігіттер ақылдасып, ауыл ортасына жол салдық. Асылбектің бұлай жиналыс жасағанын көрген жоқпыз. Үш-төрт адамды кеңсесіне жинайды да, тариф көтерілді дейді. Бағаны түсіріп, жағдай жасау керек», - деді тағы бір тұрғын Аманғали Қажыкен.

«Белсенділер тұрғындарды бір жерге жинап берші деп келді. Бұл жерде біз мына кісіні қойыңыз деп айта алмаймыз. Әр адамның өз ойы бар, өз пікірі бар. Өздеріңіз шешіңіздер», - деді қалалық мәслихаттың депутаты Н. Әбенов.

бау-бақша
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарға және электр жарығына артық төлем төлейтіндерін айтып, серіктестік төрағасының орнынан кетуін талап етті. Жиынды жүргізген А. Қажыкен А. Баетовты төраға етіп сайлау туралы ұсыныс жасап, ол жиналғандар тарапынан қолдау тапты. Алайда қалалық мәслихат төрағасы мұндай шараның бекітілген тәртібі болатынын айтты. 

«Жиналысты өткізудің өз тәртібі болады. Күн тәртібін белгілеп, төраға баяндамасын жасауы керек. Содан кейін регламент бойынша жарыссөзге қатысушылар сөйлейді. Төрағаның жұмысы қанағаттанғысыз деп табылса, есеп комиссиясы құрылып, мәселе дауысқа салынады. Бұл жер сайлауға келмейді», - деді жиынға қатысқан Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев.

Даулы мәселеге қатысты «Зачаганский» бау-бақша серіктестігі төрағасының өз уәжі бар.  

«Менің «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы болғаныма тоғыз жылдан асты. Мұнда 12 мыңдай тұрғын, 1984 үй бар. Бау-бақша серіктестігі болғандықтан, үкімет, бюджет тарапынан қаржы бөлінбейді. Бәрі халықтан жиналған қаражатқа жасалады. Наразылықтың себебі, электр жарығы, су болсын, коммуналдық төлемдерді бізге жалпы есептегіш құрылғы арқылы анықтап береді. Сол мекеме серіктестік төрағасы ретінде менімен келісімшартқа отырғандықтан, қаржыны жинап, әр айдың соңында есеп айырысуым керек. Мысалы, 20 млн-дай электр жарығы үшін бережақ болып қалдық. Төлемейтін тұрғын көп. Бірдің кесірі мыңға тимес үшін электр жарығын айырып, мәжбүрлі түрде төлеткізудеміз. Содан кейін олар мені қалай жақсы көрсін. Бүгінгі жиналыс заңсыз. Жарғыға сәйкес жиналысты серіктестік басқармасы немесе БҚО бау-бақша серіктестігі қоғамдастығы ұйымдастыруы керек. Иә болмаса осында тұратын тұрғындардың тең жартысынан астамынан сұраныс болуы қажет», - деді «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесов.

Ал кент әкімі алдағы уақытта шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі жоспарланып отырғанын айтты. 

«Қалалық мәслихат депутаты Нұрлыхан Әбеновпен бірге Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың қабылдауында болдық. Шаһар басшысы 13-20 қараша аралығында тұрғындармен кездесіп, онда бау-бақша серіктестігі төрағасының қызметін де талқылауға болатындығын айтты. Мұндай жиналыстың бәрі заң шеңберінде, жарғыға сәйкес өтуі керек», - деді Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеров.

бау-бақша
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
Соңғы жаңалықтар