Оралда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған аймақтық конференция өткізілді

ОРАЛ. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың мәжіліс залында «Басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновациялар мен қуат үнемдеу технологияларын енгізу
None
None

негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту» атты аймақтық конференция өткізілді. Оған Батыс Қазақстанмен бірге, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй инспекциялары мен коммуналдық кәсіпорындардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, ПИК-тердің өкілдері және өзге де мүдделі тараптар қатысты.

Жиынға қатысушылар конференция басталмас бұрын отандық және шетелдік компаниялардың тұрмыстық қуаттарды өлшеу, үнемдеу және сақтауға арналған бұйымдар мен қондырғылардың көрмесін тамашалап, өзара тәжірибе алмасты.

Шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев Елбасымыз Н.Назарбаевтың нұсқауларынан туындайтын ТҮКШ-ты дамытудың өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде басымдық маңызына ие болып отырғанына тоқталды. Ғұмар Ислямұлының айтуынша, осы салаға 2000 жылдан бері облыста 8 миллиард теңгедей қаржы жұмсалған. Кез келген адамның өмірі мен тұрмысына анағұрлым жақын осы саланы дамыту мен жаңартудан Қазақстан ТМД елдерінің арасында алда келеді. Көп пәтерлі үйлерді жөндеу мен жаңартудың қарқыны Орал қаласы мен Шыңғырлау, Жаңақала, тағы басқа аудандарда ойдағыдай жүргізілуде. Бұл жұмыс келешекте де жарасымды жалғасын таппақ.

«КазЦентрЖКХ» АҚ төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев елімізде ТҮКШ-ты жаңғырту мен онан әрі дамытудың кеңінен өріс алғанын және бұған мемлекеттің айрықша көңіл бөліп отырғанын айта келіп, қай жердегі құрылыс нысаны болсын, ондағы инфрақұрылымның сапалы және бүгінгі заман талабы сай болуы керектігін баса көрсетті. ТҮКШ-ты жаңғырту мен дамытуға орай мемлекеттік бағдарламалар жасақталып, тың нормативтік-техникалық құжаттамалар дайындау қолға алынды. Қуат аудиті жүргізіле бастады. Өйткені қазір еліміздегі жылу құбырларының 63, электр желілерінің 74, газ құбырларының 54 пайызы жаңартуды қажет етеді. Жалпы коммуналдық саланың қай саласында болсын, қуат жоғалту 30 пайыздан кемімей отыр. Демек, қуат үнемдейтін немесе сақтайтын заманауи технологияны өмірге батыл енгізу қажет. Қарағанды қаласында бұл жұмыс былтырдан бастап жүзеге асырылып келеді. Өкініштісі сол, әлі күнге дейін еліміздің ТҮКШ саласына жаңа технологияны енгізу қарқыны тым баяу. Сонымен қатар технологияны енгізіп қана қоймай, сонымен жұмыс істейтін әрі қамтитын кадрларды, әсіресе жастарды даярлау күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Аманжол Әлиханұлының пайымдауынша, өңірде ТКШ саласын жаңғырту әрі дамыту жақсы жолға қойылған. Енді тек осы қарқыннан таймаған дұрыс. «Оралда тұтынатын су өзге облыс орталықтарымен салыстырғанда мейлінше арзан, он литрлік шелек судың құны 30-ақ тиын. Біле білсеңіз, республикадағы ең қымбат су Көкшетау қаласында. Бірақ «судың да сұрауы бар». Сондықтан оны үнемі үнемдеуге ұмтылған жөн. Шындығына келсек, еліміздегі бүкіл су арнасы кәсіпорындарының 90 пайызы тек шығынмен жұмыс істейді. Алайда судың, газдың, қуаттың бағасын өсіру тұйықтан шығудың жолы емес. Коммуналдық қызметті тиімді жасаудың өзге бағыттарын іздестірген дұрыс», деді А.Алпысбаев.

Жиында Орал қаласының әкімі Болат Шәкімов, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Алмас Бадашев хабарлама жасап, күн тәртібіндегі мәселелерге орай ой-пікірлерін айтты. «Нұр Отан» ХДП облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров аталмыш саяси ұйымның ТҮКШ-ты жаңғырту мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты үлесін қосатыны туралы мәлімдеді. Сондай-ақ «КазЦентрЖКХ» АҚ-ның бас менеджері Шоқан Бадыхан, сол қоғамның құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Арман Байбосынов осы мәселе бойынша баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар