Оралда үлескерлердің мәселесін шешу жөнінде жұмыс тобы құрылатын болды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында жаңадан бой көтерген екі үйге қатысты дау тыйылмай тұр.
 
                                              Аталған мәселені «Дамустройинвест» құрылыс компаниясының басшысы Асан Мәлікұлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің тұрғындармен бүгін өткен кездесуінде көтерді.
Бұдан кейін құрылыс салушы мен үлескерлер тобын Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімов пен Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов қабылдады.
А.Мәлікұлының сөзіне қарағанда, үлескерлер қаржысын тартып, С.Камалов көшесі 16 және Тәуелсіздік көшесі 39-мекенжайында екі үй салған.
- Аталған екі үйді сүру туралы сот шешімі шыққанымен, біз оны дұрыс емес деп есептейміз. Құқық қорғау органдарына шағымдануды тоқтатпаймыз. Бірінші үйге 21 үлескер 200 млн, екінші мекенжайға 30-ға жуық үлескер 250 млн-дай теңгесін салды. Екі үйге 1 миллиардтай теңгемді жұмсадым. Қазір пайдалануға беруге толық дерлік дайын. Ескі әуежай ауданында екі қабаттан жоғары үйлерді салуға болмайды деген талапқа келсек, оған да айтарым бар. Біздің қасымызда үш-төрт қабатты үйлер баршылық. Оларға ондай талап қойылмайды да, бізге неге қысым көрсетіліп, кедергі келтіріліп отыр, - дейді А.Мәлікұлы.
М.Ізімов пен А.Халелов алдымен үлескерлер мәселесін шешу үшін Орал қаласы әкімдігінің жанынан жұмыс тобы құрылатынын жеткізді. Оған барлық мүдделі ұйымдар мен үлескерлер өкілдері қатысатын болады.
- Жергілікті атқарушы орган жанынан жұмыс тобы құрылады. Құрылыс салушы біреу болғанымен, екі үйдің мәселесі бөлек қаралып, шешу жолдары қарастырылатын болады, - деді Kazinform тілшісіне Орал қаласының прокуроры М.Ізімов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар жаңадан салынған үйге неліктен кіре алмай отырғанын жазған болатынбыз.