Оралда үш күнде 632 жол ережесін бұзушылық анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері 19-21 ақпан күндері жүргізген рейдтік шаралар кезінде 632 жол ережесін бұзушылық анықталды.

Оралда үш күнде 632 жол ережесін бұзушылық анықталды

Жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 129 жүргізуші жылдамдықты шектен тыс арттырғаны, 26-сы мас күйінде көлік айдағаны, 13-і қозғалу ережесін бұзғаны, 52-сі қауіпсіздік белбеуін тақпағаны, 12-сі ұялы телефонмен сөйлескені, 30-ы әйнекті күңгірттегені, 28-і автомобиль салонынан қоқыс лақтырғаны үшін тоқтатылды.

Қоғамдық тәртіпті бұзғандарға қатысты 163 әкімшілік хаттама толтырылды.

Уақытша бейімдеу орталығына қатты мас күйінде 51 адам жеткізілді. Сондай-ақ заңды өкілінің қарауынсыз түнде жүрген 2 жасөспірім анықталды.

Сонымен қатар жергілікті полиция қызметі осы мерзімде 4 ауыр қылмыстың ізін суытпай ашса, соның екеуі - қарақшылық, біреуі - кісі тонау, тағы бірі - бопсалау.