Оралда жалған нөмірмен жүрген жүргізуші 1,1 млн астам теңге айыппұл төлемеген

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы аумағында өткізілген жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Орал қаласының патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігінің жалған мемлекеттік нөмірмен жүргенін анықтады.

СҚО-да үш күнде көлігіне жалған нөмір таққан 4 адам ұсталды
Фото: СҚО ПД

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған көлік Қазақстан Республикасында тіркелгеніне қарамастан, Ресей Федерациясының мемлекеттік нөмір белгісімен жүрген.

Тексеру барысында аталған автокөлікке қатысты 47 төленбеген айыппұл бары белгілі болды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 157 мың 972 теңгеге жеткен. 

- Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында шетелдік мемлекеттік нөмір белгілерін пайдаланған. Аталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Бұл дерек жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер тарапынан жасалатын өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында енгізілген «Қорғау» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен тіркелді, - деп хабарлады ведомстводан.

Департамент деректеріне сәйкес 8-10 қаңтар аралығында республика көлемінде өткізілген «Жалған нөмір» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысында барлығы 484 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде 32-сі көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Екеуі автокөлікті жалған немесе қолдан жасалған нөмірмен жүргізген. 15-і рульге мас күйінде отырған.

Барлығы 33 автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 4 автокөлік соқтығысып, 5 адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар