Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда жаңа алаң салынуда (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жанында, 5-інші және 7-шағынаудандар аралығында орналасқан жаңа алаң салынуда.

Оралда жаңа алаң салынуда (ФОТО)

Құрылыс барысымен танысқан шаһар басшысы Алтай Көлгіновтің айтуынша, өңірлерді дамыту бағдарламасына және қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жоба құны - 1,483 млрд. теңге. Қаржының 90 пайызы республикалық, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінген. Құрылысы өткен жылы басталған жаңа алаңдағы жұмыстар 85 пайызға орындалған. Мұнда су атқанда, түрлі-түсті түске бөленетін ауқымды субұрқақтар, 4 ротонда, басқа да көрікті орындар болмақшы.

Жаңа алаңды алдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру көзделуде. Абаттандырылатын аумақ көлемі 7 гектардан асады, ол үш бөлікке бөлінген. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық жанында театр-ойын-сауық, екіншісінде ресми шаралар өтетін көп деңгейлі әкімшілік, үшіншісінде саябақ алаңы орналаспақ. Жаңа алаң гүлзарлар, әдемі тал-теректермен көмкерілмек.

Мердігер ұйым «Марасант» ЖШС бас директоры Аманжол Көнеевтің сөзіне қарағанда, алаң жаңа технологиялар негізінде салынуда. Оның жарықтандырылуының өзі ерекше болмақшы. Сондай-ақ жеті субұрқақтың әрқайсысының ұзындығы 377 метр болса, судың көтерілу биіктігі 14 метрге жетеді. Жобалаушы мамандар Мәскеуден шақырылған. Төрт ротонда да алаңға көрік беріп тұрмақ.