Оралда жаңа мектеп ашылып, Елбасы кітаптары үлестірілді (ФОТО)

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздарды Білім күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеткіншек ұрпақтың сапалы білім мен орнықты тәрбие алуына үнемі көңіл бөліп келеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес білім саласында Батыс Қазақстан облысында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, биыл өңірде 5 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның үшеуі апаттық жағдайдағы ғимараттардың орнына салынды. Президент «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептерді жою туралы тапсырма бергені мәлім. Бұл тапсырма осылайша толық орындалып отыр. Бүгін сондай-ақ Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 оқушылық және Теректінің Юбилейный елді мекенінде 108 орындық жаңа мектептер өз есіктерін айқара ашты. Өңір басшысы мектепке 28 орындық смарткабинет, сондай-ақ 1-сынып оқушыларына Елбасының «Менің Отаным - Қазақстан» атты кітабын табыс етті. Айта кетейік, құрылысы өткен жылдың ақпан айында басталған мектеп ғимаратына республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге жұмсалды. «Альтаир» ЖШС (бас директоры Сергей Потиченко) салған мектепте 60 кабинет болса, соның 58-інде интерактивті тақта орнатылған. 60 орындық оқу залы бар кітапхана, 400 орындық акт залы, технология пәніне арналған үш шеберхана, 396 орындық асхана, медициналық, стоматологиялық, логопедиялық, физио және психологиялық кабинеттер балаларға қызмет етпек. Қазіргі заманғы спорт залына қоса ойын алаңдары да баршылық. Мектеп басшысы Күнзада Мусинаның сөзіне қарағанда, 1200 оқушының 220-сы бірінші сыныпқа қабылданды. Тоғыз бірдей бірінші сыныптың ашылуы қуантады және олардың бәріне Елбасы сыйлығы үлестіріліп, бұл тарту-таралғы бүлдіршіндерді бір марқайтып тастады. Жаңа білім ордасында сексендей мұғалім жұмыс жасамақ.