Оралда «Жас отау» бағдарламасы бойынша үшінші үй бой көтеруде

ОРАЛ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Орал қаласында жас отбасыларға арналған 108 пәтерлік тұрғын үй салынуда.

Оралда «Жас отау» бағдарламасы бойынша үшінші үй бой көтеруде

«Ақжайық-Жас отау» ЖШС директоры Айнұр Медеуованың айтуынша, бұл - «Жас отау» бағдарламасы бойынша салынып жатырған үшінші үй. Әзірге республикада мұндай бағдарлама Оралда ғана жүзеге асырылуда. Аталмыш тоғыз қабатты үйде 36 бір, 36 екі, 36 үш бөлмелік пәтер болмақ. Оның сметалық құны - 590 млн. теңге. Пәтерлердің бір бөлігі құрылыс шығынын жабу үшін сатылады. Жас отбасыларға 75 пәтер берілмек. «Тұрғын үй - жастарға» жобасы экономикалық жағынан тиімді. Жас отбасылар үш жыл бойы жалгерлік ақысын төлеп, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіде» қаржы жинақтап, пәтер құнының 50 пайызын төлейді. Қалған қаржысын 5 пайыздық мөлшерлемемен алты жылға банктен несие алу жолымен жабады.

Батыс Қазақстанда күні бүгін аталмыш бағдарлама аясында 150-ден астам жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.