Оралда жастар арасында дін мәселелерін түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихат тобы өз жұмысын бастады

Топ жұмысының мақсаты - жастарға дәстүрлі дін мен жалған ағымдардың айырмашылығын ұғындыру. Топ мүшелері арнайы кестеге сәйкес Орал қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының І курс студенттері мен оқытушыларымен кездесіп шықпақ. Кеше М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде алғашқы жүздесу болды.
Онда облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Иқсанованың атап өткеніндей, жат ағымдардың жетегіне ілінетіндердің көпшілігі жастар болып отыр. Қазіргі уақытта аты да, заты да күмәнді, тегін қызмет көрсететін ұйымдар аз емес. Олар өз қызметін жүргізе отырып, астыртын түрде жат діни ағымдарға тартуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндайлардан сақ болу керек. Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Мақсат Романқұловтың айтуынша, дін саласында алдымен Ата заң, содан кейін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң басшылыққа алынады. Соңғы заңға сәйкес барлық діни бірлестіктер қайта тіркелді. Қазақстанда 17 конфессияға кіретін 3088 діни бірлестік тіркелсе, облыста 71 діни бірлестік (9 конфессия) бар. Сондай-ақ Оралдағы орталық мешіттің наиб-имамы Марат Асанов, «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы төрағасының орынбасары Арман Нұрахметұлы жастарды дәстүрлі дінді қастерлеуге, ата-баба ұстанған жолмен жүруге шақырды.
Осы бағыттағы кездесулер басқа да оқу орындарында 31 қазанға дейін жалғаспақ.