Оралда Жайық өзеніндегі көпір екі аптаға жабылады

ОРАЛ. KAZINFORM — Халықаралық маңызы бар Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автомобиль жолының 254-262 шақырымы аралығында Жайық өзеніндегі көпірде деформациялық жіктерді ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. 

көпір
Фото: Гид по Уральску/YouTube

Аталған көпір Орал қаласынан Теректі ауданы Подстепный ауылына қарай шығатын жолда орналасқан. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты аталған учаскеде 17 шілде күні сағат 20:00-ден бастап 1 тамыз сағат 8:00-ге дейін көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. 

— Балама жол — Меловые горки кенті арқылы өтетін айналма жол. Осыған байланысты барлық жол пайдаланушыларынан сапарларын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерді ескеруді сұраймыз, — делінген ресми мәліметте.

Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, сонымен қатар шаһарда С. Датов және Жамбыл көшелерінің қиылысында, «Променад» сауда үйі маңында теміржол күрделі жөндеуден өткізіледі. Соған байланысты 18 шілде күні сағат 20.00-ден бастап 21 шілде сағат 06.00-ге дейін барлық көлік түрлері үшін теміржол өткелі арқылы жүру уақытша тоқтатылады. Қоғамдық көлік Жамбыл, Ружейников және Гагарин көшелері арқылы айналма жолмен қатынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Депо көпірі жөндеуден кейін қайта ашылғанын жазған едік.  

Соңғы жаңалықтар