Оралда «Жайық жүйрігі» бәйгесінде қарағандылық шабандоз пәтер ұтып алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда қала күні аясында «Жайық жүйрігі — 2025» атауымен бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысы ашық чемпионатының жеңімпаздары анықталды.
Дүбірлі додаға тек елімізден ғана емес, көршілес Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Орынбор және Челябі өңірлерінен келген 100-ге жуық шабандоз қатысты.

Алдымен 1 400 метрлік екі жастағы ұшқыр жүйріктер арасынан оралдық Дидарбек Күрішбек «Дат секюрити» тұлпарымен алдына жан салмады. Ресейлік Снежана Таймасова «Златодарымен» мәреге екінші болып келді. Үшінші жүлде оралдық Рамазан Табылдиевтің («Дари ард») еншісінде кетті.

Дидарбек Күрішбек 2 мың метрлік ұшқыр бәйгеден «Нұр-Шатоя» тұлпарымен алдына жан салмады. Р.Табылдиев «Герадотпен» екінші, Данияр Базарбаев «Шпикермен» үшінші орынға ие болды.

Ал 11 шақырымдық құнан бәйгеде Алматы облысының атынан шыққан Марден Жанболат «Шамшырағымен» үздік атанды. Тараздық Дәулетбай Мейірге («Қарагөз») — екінші, оралдықтар Арнат Мұратханға («Самғау») — үшінші, Мерас Мұратқа «Ханым») — төртінші, павлодарлық Аманжол Сұлтанға («Шах») бесінші орын бұйырды.
Топ бәйгеде (16 шақырым) 32 тұлпардың арасынан Алматы облысының өкілі Ертөс Исламнұр «Тобылғы торысымен» бас жүлдені жеңіп алды. Алматылық Арнат Мұратхан («Кербез») — екінші, шығысқазақстандық шабандоз Сержан Бақтыбай («Тасымхан») — үшінші, оралдық Мадияр Құрманғали («Ақжайық») — төртінші, қызылордалық Ақылжан Сапарғали («Ақкөз») бесінші жүлдеге ие болды.

Жарыс көрігін 31 шақырымдық аламан бәйге қыздырды. Мұнда «Айторы» тұлпарымен Қарағанды облысының намысын қорғаған Марден Жанболаттың бағы жанып, бас жүлде — пәтер кілтін алды. Ертөс Исламнұр (Жамбыл облысы) екінші (3 млн теңге), БҚО Тасқала ауданының өкілі Жігер Бекболатұлы үшінші (2 млн теңге), тағы бір тасқалалық Берхан Едрес төртінші (1 млн теңге), Ақжайық ауданынан келген Нұрқанат Ерқанат бесінші (500 мың теңге) орыннан көрінді.
«Жайық жүйрігінің» жалпы жүлде қоры 45 млн теңгеге бағаланды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бәйгеден ел чемпионатының соңғы іріктеу кезеңі мәресіне жеткенін жазған едік.