Оралда «Жайық қалашығы» музей-қорығының жобасы таныстырылды

ОРАЛ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашық аспан астындағы «Жайық қалашығы» музей-қорығының жобасы таныстырылды.

Оралда «Жайық қалашығы» музей-қорығының жобасы таныстырылды

Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық қазынадан 1,5 млрд. теңге бөлінуі қажет.

Сұлба қорғандар, кесенелер, демалыс аймағы, этносаябақ, мұнара, кірпіш пеші сынды өңірден табылған археологиялық қазбалардан тұрады. Ауқымды жоба - облыстық тарих және археология орталығының туындысы.

- Бұл - біз үшін баға жетпес құнды қазына. Бұл жоба тарихи құндылығымызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз үшін маңызды болмақ. Жоба Мәдениет министрлігінде бекітілді. Жобаны жүзеге асыру үшін қаржы да қарастырылуда, - деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов.

«Жайық қалашығы» он жылдан астам уақыт бойы қазылып, зерттелуде. Облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовтың айтуынша, тарихи ескерткіш мәдени-туристік орталыққа айналмақ. Қазіргі кезде жобаны Үкіметке жолдау жағы қарастырылуда.