Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда жазушы М.Шүйіншәлиева оқырмандарымен жүздесті (фото)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының залында прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, журналист Мира Шүйіншәлиеваның «Інжу сөзге іңкәрлік» атты оқырмандармен кездесу кеші болды.

Оралда жазушы М.Шүйіншәлиева оқырмандарымен жүздесті (фото)

Кешті жүргізген әдебиетші-ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасовтың атап өткеніндей, Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ) қанаттанған Мира Шүйіншәлиева сол кезде-ақ шығармашылыққа бет бұрды. Оның қаламынан әр жылдары «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия» атты повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрді. Ал 2014 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Өкініш» атты кітабы Қазақстан Жазушылар одағында өткен биылғы әдеби жыл қорытындысында жақсы бағаланды.

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов осынау кештің өңірдің әдеби өміріндегі елеулі оқиға екендігін жеткізсе, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерева қазақта прозалық туындылар жазатын қыздардың көп еместігіне, осындай қиын майданда Мира Шүйіншәлиеваның өзіндік жазу мәнерімен, бүгінгі күннің шындығын бере білуімен ерекшеленетініне тоқталды. Сондай-ақ ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев және басқалар қаламгер туындыларына қатысты өз ой-толғамдарымен бөлісті. Кеш иесінің шығармаларынан үзінділер, оған арналған өлеңдер оқылды.