Оралда «жедел жәрдем» көлігі екі рет жол апатына ұшырады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында соңғы күндері «Жедел жәрдем» көлігінің қатысуымен қос бірдей жол-көлік оқиғасы орын алды.

Оралда «жедел жәрдем» көлігі екі рет жол апатына ұшырады

Алдымен 30 қаңтар күні «жедел жәрдем» көлігі қалалық мәдениет және демалыс саябағы ауданында, Алмазов және Неусыпов көшелерінің қиылысында «КамАЗ» автокөлігімен соқтығысқан. Мұнда шақыртумен бара жатқан «жедел жәрдем» көлігінде жүргізушімен бірге фельдшер мен санитар болған. Басынан жарақат алған фельдшер ауруханаға жатқызылса, қалған екеуіне медициналық қызмет көрсетіліп, үйлеріне жіберілген.

Бір күннен кейін, 31 қаңтар күні Жәңгір хан көшесінде «Жедел жәрдем» жүргізушісі «Динамо» спорт базасы аумағында басқа бір автокөлікпен түйісуге жол бермеу үшін кілт бұрған кезде төңкеріліп түскен. Бұл жолы «Жедел жәрдемде» фельдшер мен санитарға қоса екіқабат әйел болған. Абырой болғанда, бәрі де аман қалған. Бұлар да амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілген.

«Жүргізушілер қиын жағдайдағы адамдарға шұғыл көмек беруге тиісті «жедел жәрдем» көлігіне жол бергісі келмейді. Осы екі оқиға - соның айғағы», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева.