Оралда жылу құбырының жөнделуіне байланысты 11 мекеме ыстық судан ажыратылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық барысында 4 тамыздан бастап 15 қыркүйекке дейін № 2 магистральдық құбырын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. 

«Жайықжылуқуат» АҚ
Фото: «Жайықжылуқуат» АҚ

«Жайықжылуқуат» АҚ-дан мәлім еткеніндей, осыған байланысты 11 әлеуметтік нысан мен 55 көпқабатты үйге бүгіннен бастап аталған мерзімге ыстық су беру тоқтатылды.

Атап айтқанда, № 4, № 26 орта мектеп, «Айкур» ЖШС, № 4 қалалық емхана, № 43 «Өркен», № 41 «Ақ тілек», № 18 «Балдырған», № 12 «Бұлбұл» балабақшалары, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық психикалық денсаулық орталығы (5-корпус) және Жастар мәдениет үйі ыстық судан ажыратылды. 

«Жайықжылуқуат» АҚ
Фото: «Жайықжылуқуат» АҚ

Сондай-ақ Әбілқайыр хан мен Абай даңғылы, Верхний тупик, Х.Есенжанов, М.Есламғалиұлы, В.Захаров, Ғ.Құрманғалиев, С.Жақсығұлов, Д.Карбышев, Көкшетау, Локомотивная, Ә.Марғұлан, Б.Молдашев, Орынбор, Павлодар, Партизан, Украинская, А.Оразбаева, Шалқыма, Л.Шевцова, А.Чехов, Молдавская, Ю.Гагарин көшелеріндегі 55 көпқабатты үй уақытша ыстық сусыз қалды. 

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Қамешовтің айтуынша, ұзындығы 3,97 км аталмыш магистральдық құбырды реконструкциялауға 9,9 млрд теңге қарастырылған. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 800-ге жуық абоненттің ыстық сусыз қалғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар