Оралда жоғалған 5 жасар бала табылды

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 31 қаңтар күні кешкі сағат 18.30 шамасында болды.
Орал қаласының тұрғыны үй жанында ойнап жүрген баласының жоғалып кеткені жөнінде айтып, Ұлттық ұлан жауынгерлерінен көмек сұрайды. Сол бойда барлық қызметтерге хабар беріледі.
Бұл кезде құрамында сержант Эльдар Жұмагелдин, қатардағы жауынгерлер Даниил Челнаков, Айбек Абдулаев жәнекинолог маман Салауат Янсуфин бар топ «Кармэн» атты итпен бала жоғалған «Солтүстік-шығыс» шағын ауданында жүр еді. Туысқандары берген баланың киімін кинолог итке иіскетіп, іздеу жөнінде тапсыпма береді. Ақыры ізге түскен ит Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның ауласына алып келеді. Сол жерде жауынгерлер жылап жүрген баланы көріп, кейін ата-анасына аман-есен тапсырады.