Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда «Жұбан жауынгер» атты шара өткізілді

ОРАЛ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығына орай «Жұбан жауынгер» атты әдеби-сазды кеш өткізілді,

Оралда «Жұбан жауынгер» атты шара өткізілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға майдангерлер Бисен Жұмағалиев пен Иван Гапич қатысты. Олардың екеуі де биыл Мәскеуде өтетін шеруге қатыспақ. Б.Жұмағалиев кезінде Батыс Қазақстан мен Көкшетау облыстарында басшылық қызметтер атқарса, И.Гапич - прокуратура ардагері, соның ішінде БҚО прокурорының бірінші орынбасары болып жиырма жыл бойы еңбек еткен. Иван Гапич 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан.

Оқырмандар, студент-жастар және 5517-әскери бөлім сарбаздары қатысқан кеште сондай-ақ еңбек ардагерлері Жайсаң Ақбай, Базарғали Қуатов Жұбан туралы естеліктерімен бөлісті. Ақын өлеңдері оқылып, ерлік пен еңбекке, Жеңіске арналған әндер шырқалды.

Кітапхана директоры Роза Исатаеваның айтуынша, Жеңістің 65 жылдығына орай осы рухани орталықта қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан майдангер Лидия Губанова, тыл еңбеккерлері Вера Богданова, Қанымзия Мәмбешевалармен кездесу ұйымдастыру жоспарланып отыр.